«Ауылым – алтын бесігім» атты Мұрат Әуезовпен кездесу
2017 жылы 31 қазан күні Меркі ауданы мәдениет үйінде «Ауылым –алтын бесігім» тақырыбында белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениеттанушы, әдебиет зерттеушісі Мұрат Әуезовпен кездесу жиыны өткізілді. Жиынға орта мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, аудандық білім мекемелерінің басшылары, мұғалімдер, еңбек ардагерлері, шаруа қожалықтарының басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Кездесудің бұлай аталуы ұлы тұлғалардың жалғасы, Меркінің құрметті азаматы Мұрат Әуезовтың Меркі жерінде дүниеге келуі, кіндік кескен жерін қасиет тұтуында. Ресми жиын жастардың бойындағы рухани құндылықтарын одан әрі дамыту, өнегелі тұлғадан сабақ алу мақсатында ұйымдастырылды.
Залға жиналған көпшілікке Мұрат Әуезовтың өмірбаянымен қатар еңбек жолдары бейнеролик арқылы көрсетілді. Кездесудің бірінші бөлімінде концерттік бағдарламамен басталды. Республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың көркем сөз шеберлері - мектеп оқушыларының орындауында А.Құнанбаевтың, М.Мақатаевтың, М.Шахановтың, Қ.Аманжоловтың шығармашылығынан өлеңдер оқылды. Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» әңгімесінің кіріспе бөлімін жатқа, көркем сөз оқығаны көпшілікке үлкен әсер берді. №9 ОМ оқушысы Абатбай Сымбат кеш қонағы Мұрат Әуезовке өзінің шығарған арнауын оқыды.
Жиынның жалғасында президиумға кездесу қонақтары ғалым, қоғам қайраткері – Мұрат Әуезов Мұхтарұлы, аудан әкімі Өмірбеков Мейірхан Азатұлы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары – Абдраиымов Ғалымжан Райымұлы және баспа редакторы, журналист – Жаныбаева Қалдыгүл Әкімжанқызы шақырылды. Аудан әкімі жұртшылықты бүгінгі кездесудің қонақтарын таныстырумен, арнайы келген қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтың ұлылығын дәріптеумен өз сөзін бастады.
Әдебиет зерттеушісі, асылдың сынығы Мұрат Әуезов көрермендерге, оқушыларға ұлы Абай, Шәкәрім, әкесі Мұхтар Әуезов пен анасы Фатима жайлы тарихи мәліметтер, өзінің балалық кезінен естеліктер айтты. Жастарға Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына байланысты ақпарат берді.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Райымұлы және журналист Қалдыгүл Әкімжанқызы Мұрат Әуезовтың жазған кітаптары, еңбектері мен дарындылығы жөнінде айта келе, Мұрат Әуезовке қазақтың біртуар ұлдары, ұлы тұлғалардың жалғасы, асылдың сынығы деп баға берді.
Көркем сөз оқыған оқушыларға Мұрат Әуезов өзінің «Ділім» атты жаңа кітабын табыс етті.
Вернуться назад