«БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ»
2017 жыл 13 қазан күні аудандық мәдениет үйінде Елбасының 2017 жылдың 12 сәуіріндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына байланысты жазушы, қоғам қайраткері Роллан Шәкенұлы Сейсенбаевпен кездесу өтті.
Елбасының бағдарламалық мақаласының мазмұнын ашу, саяси жобаларды қолдау, жастардың бойындағы рухани құндылықтарын одан әрі дамыту, өнегелі тұлғадан сабақ алу мақсатында ұйымдастырылды. Кездесуге аудандық білім бөліміне қарасты мектеп оқушылары, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, аудандақ білім бөлімінің басшылары, мұғалімдер, еңбек ардагерлері, аудандық шаруа қожалықтарының басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесудің бірінші кезеңінде мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасы болды. «Туған жер», «Аманат» әндерімен қоса облыстық, аудандық көркем сөз шеберлері еліміздің дарынды ақын ұл - қыздары Бәкір Тәжібаев, Фариза Оңғарсынова, Күлаш Ахметова, Қалқаман Саринның өлеңдерінен жыр шумақтарын көрерменге тарту етті. Бүлдіршін оқушылардың қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқыған өлеңдері кеш қонақтарына үлкен әсер берді. Оқушылардың дана Абайдың оныншы қара сөзін оқығаннан кейін жиынның екінші бөлімі басталды.
Президиумға аудан әкімі Өмірбеков Мейірхан Азатұлы және жазушы, қоғамқайраткері Роллан Шәкенұлы Сейсенбаев шақырылды. Аудан әкімі жұртшылықты бүгінгі рухани кездесудің қонағы, арнайы іс- сапармен келген қоғам қайраткері Роллан Шәкенұлын таныстырумен сөзін бастады. Оқушылардың бұл кездесуден алар пайдасы көп екенін, рухани байлықтарын байыту мақсатында шақырылғанын айта кетті. Аудан әкімінің сөзінен кейін кездесу қонағы Роллан Шәкенұлы рухани жаңғыру бойынша өзіндік тәжірибесімен бөлісіп, мектеп оқушыларына өз шығармаларынан кітаптар таратылды Абай Құнанбаевтың рухани қазыналарын дәріптеу үшін Меркі ауданында «Абай» орталығын ашу керектігін айтты. «Қазақ халқы о бастан көзі ашық, көкірегі ояу жандарды құрметтеп, ұл – қыздарына ұлы адамдарды үлгі тұта білген халық болатын.Сол себепті көзіміз ашық, рухани дамыған азамат болуға шақырамын»- деп сөзін аяқтады.
Вернуться назад