№44 ЖББМ оқушылары Республикалық қашықтық олимпиадасына қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Мектепте өткізілген Республикалық қашықтық олимпиадасына қатысып, білім сайысында оза шығып, жақсы нәтиже көрсеткен 7-сынып оқушылары Найзабекова Рината мен Забитов Яшар алғашқы І кезеңде І орынды иеленіп, жүлдегер атанды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Б.Байымбетов пен Г.А.Омарбекованың жетекшілігімен білімқұмар оқушылар Астана қаласында 7-9 қаңтар аралығында өткен қазақ тілінен «Тіл –мемлекет тәуелсіздігінің символы» ХІІІ республикалық қашықтық олимпиадасының қорытынды кезеңіне жолдама алды. Олимпиада барысында 150 сұрақтан тұратын тест тапсырмаларын орындау барысында жоғары көрсеткіш көрсетті. Жамбыл облысының атынан үлкен дайындықпен Астанаға жол тартқан тек №44 ЖББМ өрендері олимпиаданың қорытынды кезеңінде жақсы нәтижеге қол жеткізіп, оза шауып Найзабекова Рината ІІІ дәрежелі дипломмен, Забитов Яшар мақтау қағазымен марапатталды. Тәжірибелі, еңбекқор, жаңашыл ұстаздар Г.А.Омарбекова мен Б.Байымбетов еліміздің әлеуметтік және рухани дамуында білім беру саласына қосқан үлесі және дарынды балаларды қолдау мен жетілдіру жолындағы жоғары көрсеткіштері үшін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының мақтау қағазымен марапатталды. Марапаттау рәсімінен кейін орталық қызметкерлері республиканың барлық өңірінен келген оқушыларды Астана қаласындағы ұлттық мұражайға апарып, өте құнды деректермен, қазақ халқының салт-дәстүрімен, тарихи тұлғалармен, елордамыздың аса көркем ғимараттарымен, тәуелсіздік шежіресімен таныстырды.
Тынымсыз ізденіс үстінде жүретін ұстаздарды жетістіктерімен құттықтап, тәуелсіз елдің ұрпақтарын оқыту мен тәрбиелеу жолында жетер жетістіктері, шәкірттерінің шығар биігі көп болсын демекпіз.
Жанар Серікқызы Мукашева
Жамбыл облысы
Меркі ауданы
№44 ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі.