2017 жылдан бастап түлектер мектептерде орта мектеп бітіргені жөнінде аттестат және «Алтын белгі» алу үшін емтихандар тапсырса, ЖОО-ға түсу үшін мемлекеттік гранттың бөліну жүйесі функциясын атқаратын ҰБТ тапсырады.
Биылғы жылы ҰБТ тапсыру форматы сол күйінде қалады, дегенмен бірқатар қосымша өзгерістер бар. 2019 жылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз) өткізіледі. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында ҰБТ тапсыратын талапкерлер тестті ақылы түрде тапсырады және оның әр тапсыруы 2242 теңгені құрайды. Бұл кезде ҰБТ тапсырған талапкерлер білім беру гранттарына үміткер бола алмайды, ол ЖОО-на ақылы түрде түсу мүмкіндігіне ие болуы үшін қарастырылған, ал грантқа таласу үшін маусым-шілде айларында өтетін ҰБТ-ға қатысуы қажет. Айта кету керек, қаңтар, наурыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысқаннан кейін талапкерлер маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысу және мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін байқауға қатысу мүмкіндігінен айырылмайды.
Сонымен қатар, биылғы жылдың бір ерекшелігі ҰБТ –жоғары оқу орындарына түсуге арналған іріктеу емтиханы болғандықтан ҰБТ өткізілетін пунктке мектеп бітірушілерді тасымалдау мен тамақтандыру білім бөлімі тарапынан емес, ата-аналар тарапынан жүзеге асырылады. Бұл мәселе аудан мектептері жанынан құрылған қамқоршылық кеңесі отырыстарында қаралып, мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары топтарына түсуші тұлғалар Қазақстан тарихы және оқу сауаттылығы (оқу тілі) бойынша ҰБТ тапсырады.
Талапкерлер ҰБТ-ны қалауы бойынша қазақ немесе орыс немесе ағылшын тілінде тапсырады. Бұл ретте ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыратын түсушілер үшін Қазақстан тарихы бойынша тестілеу қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілінде өткізіледі.
Сондай-ақ, шет тілін терең меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттары бар оқушылар «Шет тілі» пәні бойынша ҰБТ-дан босату нормасы енгізілген.
Биылғы жылы ЖОО-на түсу үшін баллдың ең төменгі шегі өзгеріссіз – 50 балл деңгейінде қалдырылды. Бірақ, Ұлттық университеттерге түсу балының ең төменгі шегі – 65 балл.
Оқу жылын “Алтын белгімен” аяқтаған түлектер тек ҰБТ-да жинаған балына қарай грант иегері атана алады. Яғни, барлығы грантқа қол жеткізе алмайды. “Алтын белгі” иегері болуының бір ғана пайдасы ҰБТ нәтижесі бойынша балл саны бірдей болып, бір орынға бірнеше үміткер таласқан жағдайда ғана “Алтын белгі” иегері ескеріледі.
ҰБТ-ны өткізу барысында мектеп бітірушіге сөйлесуге, орын ауыстыруға, тестілеу материалдарымен алмасуға, тестілеу материалдарын аудиториядан шығаруға, шпаргалкалар, оқулықтар мен әдістемелік әдебиеттер, калькулятор, фотоаппарат, ұялы байланыс құралдарының (пейджер, ұялы телефондар, планшеттер, iPad, iPod, iPhone, SmartPhone, ноутбуктер, плейерлер, модемдер, радио-электрондық байланыстың Wi-Fi, Bluetooth, Dect, 3G, 4G, сымды және сымсыз құлаққаптар және басқалары) кез-келген түрлерін аудиторияға кіргізуге және қолдануға, тестілеу материалдарын (жауап парағы мен кітапшалар) умаждау, корректор сұйықтығын қолдану, беттерді жырту арқылы бүлдіруге рұқсат етілмейді. Аудиторияда тәртіп сақтау ережесін бұзған бітіруші аудиториядан шығарылып, оның тест нәтижесі жойылады. Сондықтан, әрбір мектеп бітіруші аудитория ішінде тәртіп сақтауға психологиялық тұрғыдан дайын болғаны жөн.
Жалпы ҰБТ-ны тапсыру форматында, пәндер мен сұрақтар бойынша өзгерістер жоқ. Ағымдағы жылғыдай, ҰБТ сертификатымен бірге әрбір бітірушіге білім беру бағдарламалары топтарының тізімі, бөлінетін гранттар саны, сондай-ақ, өткен жылғы грант тағайындау конкурсының нәтижелері көрсетілген ақпараттық парақ беріледі. Бұл ақпараттық парақ талапкерге болашақ мамандығын таңдауда көмектеседі.
Мектеп бітіруші түлектерге алдағы сынақта сәттілік тілейміз!
Ж.Байтулекова
аудан әкімдігінің білім
бөлімінің әдіскері