2016-2019 жылдарға арналған білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұйымдастыруымен Қазақстан TALIS – 2018 зерттеуіне алғашқы рет қатысып отыр. TALIS – мұғалімдер жұмысын, жұмыс жағдайын және мектептегі білім беру ортасын бағалауға бағытталған ең ауқымды халықаралық зерттеу.
Зерттеудің мақсаты – сабақ беру мен оқытуға бағытталған нәтижелі білім беру саясатын қарастыруға және өзгертуге мүмкіндік беретін сенімді, мерзімді және салыстырмалы деректермен (индикаторлармен) қатысушы елдерді қамтамасыз ету болып табылады.
TALIS зерттеуіне 46 мемлекет қатысуда. Осы мемлекеттердің ішінде Қазақстанның 331 мектебінде алғашқы рет 6620 мұғалім онлайн форматта тапсырып бастады. Меркі ауданында алғашқы мектептердің бірі болып 13-наурыз күні №5 Ақарал жалпы білім беретін мектебінде TALIS халықаралық зерттеуі өткізілді. Осы орайда біздің мектепке Астана қаласынан «Ақпараттық – талдау орталығы» акционерлік қоғамы халықаралық салыстырмалы зерттеулер департаментінің директоры, ұлттық үйлестіруші Ерлікжан Сабырұлы, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің «Білім үдерісін ақпараттық-әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімінің жетекшісі, облыс үйлестірушісі Жамалбекова Шафиға Мамырханқызы келді.
Ұлттық үйлестіруші мен облыс үйлестірушісі TALIS сұрақтары бойынша қазіргі кездегі мұғалімнің кәсіби дамуы, білім сапасын бағалау, мектепті басқару, оқыту әдістемесі, мектеп ахуалы, мұғалімдерді ынталандыру және олардың жұмыспен қанағаттанушылығы, өзін-өзі бағалау және кәсіптік қабілеттерін жетілдіру бойынша сауалнамалардан тұратындығы жөнінде ақпарат беріп, мектеп ұстаздарына сәттілік тіледі.
Зерттеуге мектеп басшысы Нурила Сейсембайқызы бастаған 20 мұғалім 66 сұрақтан тұратын сауалнамаларға ұйымшылдықпен, жауапкершілікпен жауап беріп, жоғары деңгейде өз үлестерін қоса білді.