Алғыс айту, ризашылық білдіру - жақсы қасиеттердің бірі. Адамдық асыл қасиеттерді бойына жинаған №44 ЖББМ ұстаздар қауымы мен оқушылар ардагер ұстаздарға, қонақтарға алғыс айтып, жыл сайын сый-сыяпат көрсетеді.
1-наурыз Алғыс айту күніне орай биыл да мерекелік іс-шара өтілді. Мерекеге ардагер ұстаздар, қонақтар, зейнеткерлер шақырылды. Мектептің байырғы директорлары, Меркі ауданының құрметті азаматтары Б.Әлмейізова, Е.Абашев, ұстаздардың ұстазы бола білген С.Асамбаев, М.Батиева, В.Садчикова, М.Ақшекеев, Я.Мамедов, Т.Зеленецкая, Е.Байтұрсынов, М.Темір сынды көптеген қонақтарды мектеп оқушылары салтанатпен қарсы алды. Мектептің ерекше безендірілген акт залында арнайы дастархан жайылып, концерттік бағдарлама болып өтті. Кешті құттықтау сөзбен ашқан мектеп директоры Н.А.Конкабаев баршаға алғысын білдіріп, ардагер ұстаздардың жас ұрпаққа терең білім, саналы тәрбие беру ісіндегі жетістіктеріне де тоқталып өтті. Өнер әлемінде талай байқауларға қатысып, жетістіктерге жеткен Еренсіз Айбын, Мурат Диляра, «Томирис» бишілер тобы, өзге де талантты өрендер қонақтарға әннен шашу шашып, «Қара жорға» биін тарту етті. Өнерлі оқушылардан құралған топтың орындауында «Ұстазым» әні хормен айтылды.
Қасиетті білім ордасының аудандағы озық мектепке айналуына зор үлес қосқан мектеп басшылары болған Б.Темірбайқызы, Е.Абашев, басқа да қонақтар жұмыс істеген жылдарындағы жетістіктері мен қызықты оқиғалары туралы естеліктер айтып, көпшілікті тебірентті. Математика пәнінің мұғалімі болған ардагер ұстаз Я.Мамедов қиын-қыстау кезеңде көмек көрсеткен қазақ халқына шексіз ризашылықпен алғысын білдірді. Халқымыздың жомарттығын, кең пейілін, адалдығы мен дархандығын асқан тебіреніспен сөз етіп, көзіне жас алды.
Жүргізушілер М.Куренбаева мен А.Смағұлова ұстаздардан сұхбат алып, баршаға ризашылықтарын білдірді.
Мерекелік кешке келген барлық қонақтар мектеп әкімшілігіне, ұстаздар ұжымына, оқушыларға алғыстарын айтып, ақ тілектерін ақтарды.